WhatsApp Image 2017-09-08 at 08.40.26  

Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы

 

 

 

Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы 1971 жылдың 20 тамыз күні Қызылорда облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтын «Ұлттық мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылы аспирантураны бітірген соң, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде «Кәсіби қазақ тілін мәтіндер арқылы игерту жолдары» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал, 2009 жылы «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. Ал, 2011 жылы профессор атағын алды.
 
100-ден аса ғылыми мақала, 2 монография, 2 оқу құралы, 10 оқу-әдістемелік құралының авторы. Бұл еңбектерде «Ойшылдардың этика туралы көзқарастары», «Мораль мәні және оның атқаратын қызметі», «Ғұлама-ойшылдардың «Этика-мораль» туралы идеялары», «Қазақ қыздарының моральдық-этикалық мәдениеті», «Қазақ халық педагогикасында қыздарды моральдық-этикаға тәрбиелеудің құралдары мен әдістері» атты оқу, оқу-әдістемелік құралдарында халықтық педагогика дәстүрлері, қазіргі қазақ мектептеріндегі ұрпақ тәрбиесі сынды маңызды мәселелер кеңінен қарастырылған. Г. Алдамбергенова «Қазақ халқының қыздарға моральдық-этикалық тәрбие берудегі озық дәстүрлерін бүгінгі білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасы» концепциясы мен «Қазақ халқының қыздарды тәрбиелеудегі моральдық-этикалық дәстүрлері» атты арнайы курсының авторы. Гаухар Төремұратқызының бірлескен авторлығымен жарық көрген «Ғажайып әліпби» мектепке дейінгі электронды оқу құралы көпшілік тарапынан өте жақсы баға алды.
 
Ол біліктілікті көтеру курстарынан тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей, Әзірбайжан, Германия, Ұлыбритания, Италия, Чехия, Түркия сынды мемлекеттердің іргелі жоғары оқу орындарында өткен.
 
Гаухар Алдамбергенованың жалпы еңбек өтілі 29 жыл. Оның ішінде 20 жылдан астам уақыт белесінде түрлі білім беру мекемелерінде басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Атап айтқанда, осы жылдары Г. Төремұратқызы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында аға оқытушылық қызметтен кафедра меңгерушісі, ректордың оқу ісі жөніндегі проректоры дәрежесіне дейін көтеріліп, болашақ өнер майталмандарын дайындау ісінде жемісті еңбек етті.
 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Астанада ашылған Қазақ Ұлттық хореография академиясында бірінші проректор лауазымында Орталық Азияда теңдесі жоқ оқу ордасының һәм қазақ би өнерінің қарашаңырағына айналатын академияның іргетасын қалаушылардың бірі болды.
 
Бүгінде Гаухар Төремұратқызы Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.
 
Отандық білім мен ғылымның дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» сынды атақтармен марапатталды. Сондай-ақ, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері.